Жаңалықтар
Француз тергеушілері Дуровтан жауап алуды жалғастыруда, әлі айып тағылған жоқ
Басылымның мәліметінше, Дуровпен Ұлттық алаяқтыққа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ бұл іске Интернеттегі қылмыстармен күрес орталығы мен Париж прокуратурасының киберқылмыс тақырыбын қадағалайтын қызметкерлері де қатыстырылған.
Газет қазіргі ережеге сәйкес Дуров сәрсенбі күні кешке дейін қамауда болуы мүмкін екенін атап көрсетеді. Мақалада «Дуровты ұстау кезінде тергеушілер судьяның оған тағылған айыптардың барлығын немесе кейбірін айыптауы үшін жеткілікті ақпарат жинағанын анықтауы керек» делінген. Тергеушілер жеткілікті дәлел жинаған жоқ деп шешсе, Дуров босатылады, деп атап көрсетеді газет.
Ал дүйсенбі күні француз прокурорлары Дуров 28 тамызға дейін қамауда болуы мүмкін екенін айтқан.
«25 тамызда қамауға алу мерзімін сот тергеушісі ұзартты, бұл жалпы мерзім 96 сағатқа дейін – 2024 жылдың 28 тамызына дейін (...)», - делінген прокуратура хабарламасында. Онда Дуровқа қарсы 2024 жылдың 8 шілдесінде басталған алдын ала тергеу жүргізіліп жатқаны және тергеушілер одан жауап алғаны көрсетілген.
Алдын-ала мәліметтерге сәйкес Дуров 12 қылмыс бойынша күдікке ілінген, олардың барлығы Telegram-ды пайдалануға қатысты. Атап айтқанда, мессенджер арқылы жүзеге асырылатын заңсыз транзакциялар және алаяқтардың платформаны пайдалануы туралы айтылады. Тергеушілер сонымен қатар қолданушылар Telegram арқылы ақшаны жылыстатуды үйлестірген деп санайды. Сонымен қатар, мессенджерлік арқылы порнографияны заңсыз тарату және платформа әкімшілігінің тергеушілерге заңсыз әрекеттермен күресу үшін деректер беруден бас тартуы айтылған.
Айта кетейік, Дуров 24 тамызда жеке ұшағы Париж Ле Бурже әуежайына қонған кезде ұсталды. Бастапқыда бұл туралы ақпаратты француздық БАҚ таратты, ал дүйсенбіде бұл деректі прокуратура растады.