2022 жылы елімізде шетелдік интернет-компанияларға қатысты қосылған құн салығы енгізілді. Мұны «Google салығы» деп атайды. Бұл туралы Қаржы министрілігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпаратында айтылған.
«Бұл жаңашылдық электронды саудамен айналысатын және жеке тұлғаларға электронды түрде қызмет көрсететін шетелдік ұйымдардың салықтық міндеттемелерін реттеуге бағытталған. Бүгінде елімізде 98 шетелдік ұйым тіркелген, олардың арасында Alibaba, Aliexpress, Apple, Google, Huawei, Netflix, Pinduoduo, Temu және басқа ірі компаниялар бар. Төленген салықтардың жалпы сомасы 70,0 миллиард теңгеден асты», – делінген хабарламада.
Қазақстандағы шетелдік интернет-компаниялардың қызметін бақылауды күшейту мақсатында салық кодексіне өзгерістер енгізілді.
«Егер шетелдік компания тіркелу жөніндегі міндеттемесін орындамаса, оның Қазақстан аумағындағы қызметін бұғаттау мүмкіндігі қарастырылған. Осылайша, «Google салығын» енгізу және одан әрі дамыту ұлттық экономиканың мүддесін қорғауға және нарықтың барлық қатысушысына әділ әрі тең жағдай жасауға бағытталып отыр. Аталған шаралар салықтық тәртіпті нығайтуға және Қазақстандағы электронды сауданың ұзақ мерзімді дамуына берік негіз қалыптастыруға ықпал етеді», – деп хабарлады Кірістер комитеті.