Google АҚШ Қорғаныс министрлігі – Пентагон арасында жасанды интеллектіні пайдалану туралы құпия келісім жасалды. Бұл туралы The Information басылымы хабарлады.
Келісімге сәйкес, Пентагон Google әзірлеген жасанды интеллект жүйелерін «үкіметтің кез келген заңды мақсаттары үшін» пайдалана алады. Сонымен қатар, компания қорғаныс тетіктері мен сүзгілерді үкімет сұранысына қарай бейімдеуге міндеттеледі.
Құжатта белгілі бір шектеулер де қарастырылған. Атап айтқанда, жасанды интеллект АҚШ азаматтарын бақылау үшін немесе адам бақылауынсыз автономды қару ретінде қолданылмауы тиіс. Алайда келісім шарттары Google-ға заңды операциялар аясында бұл технологияларды пайдалануға толық тыйым салуға мүмкіндік бермейді.
Компания өкілдері мұндай әріптестікті ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған жауапты қадам деп бағалап отыр.
Дегенмен келісім қоғам ішінде пікірталас тудырды. Келісім жасалар алдында Google-дың 600-ден астам қызметкері компания басшысы Сундар Пичаи атына петиция жолдап, жасанды интеллектіні әскери мақсатта қолдануға қарсы шыққан.
Сонымен қатар, АҚШ билігі жасанды интеллект саласындағы өзге де ірі компанияларға, соның ішінде OpenAI мен Anthropic ұйымдарына қысым көрсеткені хабарланды. Anthropic мұндай шарттардан бас тартқаннан кейін, АҚШ президенті Дональд Трамп аталған компания технологияларын мемлекеттік мекемелерде пайдалануға тыйым салған.





