Грек прокуратурасы 21 маусымда Идра аралындағы өрт кезінде жеке яхтаның жолаушысы болған сегіз қазақстандыққа айып тақты, деп хабарлады «Катимерини» газеті.
«Яхтада 10 қазақстандық болған, кәмелетке толмаған екі жолаушыға айып тағылған жоқ. Грекия билігі Қазақстаннан көмек сұрады, өйткені яхтаны жалға алушылар тергеуге дейін Грекиядан кетіп қалды. Айып жаңа дәлелдердің табылуына байланысты тағылды, оларды прокурор өрт болған жерде тергеу барысында анықтады. Өрт сөндірушілер өрт шыққан шығанақта отшашу қалдықтарын тапты», – деп жазады газет.
Бұған дейін яхтаның капитаны мен бірінші көмекшісі қамауға алынып, ал экипаждың қалған мүшелері кепілдікпен босатылған.
Сонымен бірге Пирей прокуратурасы өрт сөндірушілер мен порт билігінің әрекеттеріне қатысты ала тергеуді бастады.
«Яхтаны жалға алушыларды өртке қатысты күдікті болғанына қарамастан Грекиядан кетуге мүмкіндік берген кез келген қателіктер анықталуда», деп хабарлады «Катимерини».
Айта кетейік, өрт 21 маусым күні кешке Идра аралының Бисти ауданындағы орманда басталды. БАҚ хабарламаларына сәйкес, өрттің себебі яхтадан атылған сигнал ракетасы немесе отшашу болды.
«Катимерини» газетінің жазуынша яхтаны 17 қазақстандық жалға алған. Грекияның өрт сөндіру қызметі келесі күні 13 грек азаматы, яхта экипажы өрт үшін қамауға алынғанын хабарлады. Олар кінәсін мойындамады.
Кейінірек мемлекеттік ERTNews телеарнасы яхтада он қазақстандық жолаушы болғанын және олар тергеушілерге өртке қатысы жоқ екенін, өрт болған кезде футбол көргендерін ауызша мәлімдегенін, хабарлады. Қазақстандықтар өрттен кейін ұшақ рейсіне үлгеру үшін рұқсат сұраған, алайда кейін олардың жеке ұшақпен елден ұшып кеткені белгілі болған.
Грекияның климаттық дағдарыс және азаматтық қорғау министрі Василис Кикилиас OPEN телеарнасына берген сұхбатында «жауапсыз адамдардың отшашуы салдарынан 30 гектар орман жойылды», деп хабарлады. Ол қылмыстық кодекске өзгеріс енгізілгеннен кейін өрт салдарынан адам өліміне немесе экологиялық апатқа әкеп соққан өртке кінәлілерді 10-нан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын еске салды.
Алайда басқа БАҚ-на сұхбат берген Гидра мэрі Гиоргос Кукудакис өрт салдарынан барлығы 1200 га орман өртенгенін, егер күдіктілер кінәлі деп танылса, шығынның орнын толтыруы керегін айтқан.
БАҚ-ның мәліметінше, яхта жолаушыларының арасында қазақстандық бизнесмен Данияр Абылғазин, «Халық банкі» АҚ басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова отбасымен болған. Абылғазинді республикадағы ең бай адамдардың бірі деп атайды, оның байлығы 400 миллион долларға бағаланады. Алайда олардың өзі бұл іске қатысты ешқандай пікір білдірмеді. Тек олардың аты аталған кейбір материалдар қазақстандық БАҚ беттерінен алынғаны байқалды.
Қазақстан тарапы Грекия үкіметінің сұранысына көмек көрсетіп, Данияр Абылғазин, Үміт Шаяхметовалар Грекия соты алдында тұра ма белгісіз.