Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Халыққа қызмет көрсету орталықтарының орнын біртіндеп алмастыратын EGov AI әмбебап жасанды интеллект-көмекшісін әзірлеуді тапсырды.
Бұл туралы Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтты.
Президент әлеуметтік саланы цифрландырудың маңызын атап өтіп, өткен жылы республикалық бюджеттің шамамен 40%-ы осы бағытқа бөлінгенімен, қаражаттың тиімділігіне сұрақ бар екенін жеткізді. Осыған байланысты Үкіметке үй шаруашылықтарының цифрлық әлеуметтік профилін қалыптастыру тапсырылды.
Сонымен қатар барлық әлеуметтік қолдау түрлері банк және төлем инфрақұрылымымен интеграцияланған «Әлеуметтік әмиян» арқылы көрсетілуі тиіс. Бұл жүйе қаржылай төлемдерден бастап азық-түлік, дәрі-дәрмек, баспана және білім беру ваучерлеріне дейінгі көмекті қамтиды.
Мемлекет басшысы отандық Aitu мессенджерінің жеткілікті деңгейде қолданылмай отырғанын айтып, әлеуметтік қолдауды басқаратын Бірыңғай цифрлық әлеуметтік қорғау платформасын жыл соңына дейін іске қосуды тапсырды.





