Қазақстанның Ішкі істер министрлігі автонесиелеу арқылы жасалған қылмыстық схеманы анықтады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
19 қаңтарда ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты. Тергеу дерегінше, күдіктілер әлеуметтік осал азаматтардың атына автонесие рәсімдеп, кейін көліктерді шетелге шығарып отырған.
Қылмыстық топ мүшелері азаматтарды қорқыту және қысым көрсету арқылы несие алуға мәжбүрлеген. Сонымен қатар банк шоттарын уақытша толықтырып, төлем қабілеттілігі бар деген жалған мәлімет қалыптастырған. Кейін жалған құжаттар арқылы көліктерді кепілге қойып, микроқаржы ұйымдарынан қосымша несие алып, қымбат автокөліктерді шетелде сатқан.
Қазіргі уақытта 15 дерек анықталды. Тінту барысында атыс және суық қару, оқ-дәрілер, сондай-ақ қылмыстық әрекеттерді дәлелдейтін құжаттар тәркіленді. Негізгі 6 күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірнеше бап бойынша жүргізіліп жатыр.





