Tesla акционерлері 6 қарашада компания бас директоры Илон Маскқа құны 1 триллион доллар болатын жаңа өтемақы пакетін бекітті. Бұл туралы DW хабарлайды.
Жоспарға сәйкес, Маск алдағы 10 жыл ішінде бірқатар амбициялы мақсаттарға қол жеткізуі тиіс. Олардың қатарында:
-
жыл сайын бір миллион роботакси қызметін іске қосу;
-
ЖИ басқарылатын бір миллион Optimus гуманоид роботын өндіру;
-
Tesla-ның нарықтық капитализациясын 1,43 триллионнан 8,5 триллион долларға дейін ұлғайту.
Алайда шешім барлық инвесторлар тарапынан қолдау тапқан жоқ. АҚШ-тағы ірі мемлекеттік зейнетақы қоры CalPERS бұл қадамға қарсы шықты. Қордың есебі бойынша, талаптар орындалған жағдайда Масктың компаниядағы үлесі 13%-дан 25%-ға дейін өсіп, оның бақылау тетігі айтарлықтай күшеюі мүмкін.
Сарапшылар да тәуекелдерге назар аударады. Hertie басқару мектебінің профессоры Джоанна Брайсон «бір адамның шамадан тыс қаржылық күші хаосқа әкелуі мүмкін» деп ескертті.





