Америкалық кәсіпкер Илон Маск өзіне тиесілі SpaceX ғарыш компаниясы мен xAI жасанды интеллект стартапын біріктіру туралы шешім қабылдады.
Бұл туралы BBC хабарлады. Масктың мәлімдемесі SpaceX-тің ресми сайтында жарияланған. Оның айтуынша, екі компанияның бірігуі жасанды интеллектіні дамытуға, зымыран техникасын жетілдіруге, интернет қызметтерін кеңейтуге және әлеуметтік медианы дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Келісімнің нақты шарттары әзірге жарияланған жоқ.
Алайда дереккөздердің мәліметінше, мәміле аясында xAI компаниясы 125 млрд долларға, ал SpaceX шамамен 1 трлн долларға бағаланған. Бұл SpaceX-ті тарихтағы ең қымбат жекеменшік компаниялардың біріне айналдыруы мүмкін.
Айта кетейік, қаңтар айында Маскқа тиесілі Tesla компаниясы xAI стартапына 2 млрд доллар инвестиция салатынын мәлімдеген болатын. Сол кезде Tesla кейбір электромобиль модельдерінің өндірісі қысқарып, зауыттар Optimus роботтарын шығаруға бейімделетіні хабарланған.
xAI компаниясы 2022 жылы Илон Маск X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісін сатып алғаннан кейін құрылған. Кейінірек стартап X платформасын өз иелігіне алды. Ал xAI-дың басты өнімі – Grok чат-боты.





