
Илон Маск үкіметтегі қызметін қысқартып, компанияларын басқаруға қайта кірісті, деп хабарлайды Reuters агенттігі.
Оның мұндай шешімге келуіне Tesla компаниясының жылдық табысының төмендегені себеп болған. Илон Маск 2025 жылдың мамыр айынан бастап АҚШ-тың Үкімет тиімділігі департаментіндегі (DOGE) қызметіне бөлінетін уақытын қысқартатынын және қайтадан өз компанияларына толық назар аударатынын мәлімдеді.
Tesla компаниясы сейсенбі күні 2025 жылдың алғашқы тоқсанына арналған қаржылық есебін жариялады. Құжатта таза кірістің бір жыл ішінде 71%-ға төмендеп, 409 миллион долларды құрағаны көрсетілген.
Сондай-ақ, кіріс көлемі 19,3 миллиард долларға дейін түсіп, өткен жылдың алғашқы тоқсанымен салыстырғанда 20%-ға азайған. Компания үш ай ішінде 337 мыңға жуық электромобиль сатқан, бұл соңғы екі жылдан астам уақыт ішіндегі ең төменгі көрсеткіш болып отыр.
Масктың айтуынша, соңғы уақытта оның негізгі жұмысы DOGE тобын құру және үкіметпен тығыз жұмыс жасау арқылы мемлекеттік шығындарды оңтайландыру болған. Ол осы саладағы міндеттерден толықтай кетпейтінін, бірақ енді оған тек уақытының 40 пайызын ғана арнайтынын атап өтті.
Reuters мәліметінше, Масктың федералды қызметкерлер санын қысқарту бағытындағы әрекеттері қауіпті және дау тудырған. Бұл кейбір ортада Tesla-ға қарсы наразылық пен вандализм әрекеттерінің көбеюіне себеп болған.