Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Инвесторлардың жұмыс орындарын құруға қатысты жауапкершілігін арттыру керек – Үкімет

Инвесторлардың жұмыс орындарын құруға қатысты жауапкершілігін арттыру керек – Үкімет

Жас мамандарды жұмысқа орналастыруға баса назар аудару керек. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті.

– Жұмыс орындарын құрудың сапалы мониторингін қамтамасыз ету үшін Инновациялық жобалар навигаторы әзірленді. Ақпараттық жүйе жаңа жұмыс орындарының санын, олардың еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкестігін, сондай-ақ жұмыс берушілердің жұмыспен қамту жоспарларының орындалуын қадағалайды. Шетелдік және отандық инвесторлардың жаңа жұмыс орындарын құру бойынша өз міндеттемелерін орындау бағытындағы жауапкершілігін арттыру керек. Сондай-ақ инвестиция көлемінің ең кемі 30 пайызын құрайтын еңбекақы төлеу қорын қалыптастыру талабын сақтау қажет. Навигаторда салалар бойынша ірі инвестициялық жобалар ғана көрініс тапқан, – деді Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, жаңа жұмыс орындарына нақты уақыт режимінде толық әрі жүйелі түрде мониторинг жүргізу үшін бірыңғай ақпараттық жүйе қажет. Ол елімізде іске асырылып жатқан жобалар туралы барлық ақпаратты, соның ішінде біліктілік деңгейін, еңбек жағдайларын, жалақы мөлшерін және басқа да деректерді қадағалап отыруға тиіс.

«Сонымен қатар елімізде ашылатын жұмыс орындарының бір бөлігі – уақытша жұмыспен байланысты. Мұндай тәсілдің тиімділігі төмен. Сондықтан қолданыстағы жоспарларда тұрақты жұмыспен қамту үлесін ұлғайту қажет. Әсіресе, жас мамандарды жұмысқа орналастыруға баса назар аудару керек. Аталған мәселелерді кешенді түрде шешуге бағытталған шаралар еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасында көзделген», деді Үкімет басшысы.

Ұқсас материалдар