Қазақстанның Ұлтық банкі Ақша-кредит саясаты департаментінің директоры Рүстем Оразалин 2024 жылдың желтоқсан айындағы іскерлік белсенділік туралы түсіндірме берді.
2024 жылғы желтоқсанда іскерлік белсенділік баяулады, бірақ көрсеткіш 50,7 құрап, былтырғы ақпан айынан бері оң нәтиже көрсетіп тұр.
Индекс өндіріс пен қызмет көрсету секторында іскерлік белсенділік тиісінше 50,6-ға және 50,8-ге дейін (қарашадағы 53,0-ден және 51,4-тен) бәсеңдеуіне және тау-кен өндіру өнеркәсібінде 48,8-ге (қарашадағы 50,2-ден) дейін түсуіне байланысты төмендеді. Айта кету керек, көрсеткіш құрылыс саласында ғана өсті, мұнда индекс қарашадағы 50,5-тен желтоқсанда 52,9-ға дейін көтерілді. Мұнда жаңа тапсырыс пен еңбекпен қамту деңгейі жоғарылап, тау-кен өндіру өнеркәсібінде барлық компонент төмендеді.
2024 жылғы желтоқсанда бизнес-ахуал индексі (БАИ) де мәз болмады. Бизнес жүргізудің қазіргі жағдайын бағалау көрсеткіші төмендесе де, бірақ баға оң мәнге ие болып қалды. Болашақ бизнес-жағдайларға қатысты оптимизм өзгеріссіз қалды деуге болады. Қахіргі кезде бизнес-цикл «сағатының» индикаторы өсу аймағында деуге негіз бар.
Кәсіпорындардың бағалауы бойынша, олардың өнімдеріне көрсетілетін қызметіне сұраныс бәсеңдеген. Желтоқсан айында сұраныстың өсу қарқыны құрылыстан басқа барлық секторда төмендегені байқалды. Ал тау-кен өндіру өнеркәсібінде сұраныс өткен аймен салыстырғанда біршама төмен. Дегенмен, респонденттер инфрақұрылымда айтарлықтай оң өзгеріс барын атаса да, ал қалған факторлар, атап айтқанда бизнесті қорғау мәселесі, салық жүктемесі және қаржыға немесе кредитке қолжетімділік иәселесі көңіл көншітпеді.