6 шілде күні Алматы облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Қарқара жайлауында ұлттық салт-дәстүрді дәріптеп, ел арасына кеңінен насихаттау және Жолан Ыбрайахынұлын еске алу мақсатымен «Қымызмұрындық» өтеді, деп хабарлайды Кеген аудандық әкімдігі.
Шараға Алматы облысының әкімі – Марат Сұлтанғазиев және көршілес Қырғыз мемлекетінің Ыстықкөл облысы, Түп ауданының әкімі – Қаныбек Абиев сонымен қатар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қоғамдық ұйым өкілдері, Ақсақалдар, ардагерлер, аналар кеңесі, этно-мәдени бірлестіктер, БАҚ және баспа өкілдері мен өңір қонақтары, барлығы 4 мыңнан аса адам қатысады деп күтілуде.
Іс-шаралар кезінде батагөйлер байқауы, құнан, топ, ұлы – аламан ат бәйгелері сонымен қатар, ауылшаруашылық, қолөнер шеберлерінің көрмелері, қазақ күресі, қошқар көтеру, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, жамбы ату сынды ұлтық ойындар мен «Топжарған» этно орталығының шоу бағдарламасы көрсетіледі. Бәйгенің бас жүлдесіне үш автокөлік тігіледі.
Сондай-ақ, Рамазан Стамғазы, Ұлту Қабай, Сәкен Майғазы, Мұқасан Шахзадаев бастаған қазақ өнерінің майталмандары өнер көрсетеді.