Қайтарылған активтердің 10 млрд теңгеден астамы Абай облысында су тартуға бөлінді

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында елге қайтарылған заңсыз иемденілген активтер қаражаты әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылым жобаларына бағытталуда.
Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Үкімет Арнаулы мемлекеттік қордан Абай облысында сумен жабдықтау желілерін салуға 10 млрд теңгеден астам қаржы бөлу туралы шешім қабылдады.
Аймақта 21 жоба іске асуда, оның жетеуі Семей қаласында. Сумен қамту жұмыстары ауылдық аумақтарды да қамтиды: Бородулиха, Үржар және Абай аудандарында жаңа желілер тартылмақ.
Жобалар халықтың өмір сапасын арттыруға, коммуналдық қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етуге және инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған. Нысандарды биыл пайдалануға беру жоспарланған.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегінше, сумен жабдықтау деңгейі Семейде – 95,5%, Абай облысының ауылдарында – 95%.