Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қарағандыда 200 миллион теңге жымқырған алаяқ әйел ұсталды

Қарағандыда 200 миллион теңге жымқырған алаяқ әйел ұсталды
Қарағанды облысында өзін банк қызметкері ретінде таныстырған 31 жастағы әйел 200 миллион теңгеге жуық қаражатты жымқырды деген күдікке ілінді. Бұл туралы Polisia.kz сайты жазды.

Тергеу материалдарына сәйкес, күдікті бір жарым жыл бойы өзін Ұлттық банктің қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарға несиелерін мерзімінен бұрын өтеп беремін деп уәде берген. Осы жалған уәделер арқылы ол тұрғындардың сеніміне кіріп, олардан аталған «қызметі» үшін төлем алып отырған.

Бұдан бөлек, ол бірнеше азаматтың атына екінші деңгейлі банктерден несие рәсімдеп, ақшаны өз пайдасына жаратқан. Қазіргі уақытта 98 эпизод бойынша алаяқтық фактісі тіркеліп отыр. Жалпы келтірілген залал көлемі 200 миллион теңгеден асқан. 

«Қарағанды облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы аталған іс бойынша тергеуді аяқтауға жақын. Қазіргі таңда жиналған айғақтар жеткілікті, қылмыстық іс сотқа жолдануға дайындалуда. Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ қолданылған», – делінген ақпаратта.

Полиция департаменті азаматтарға келесі сақтық шараларын ұстануға кеңес береді:

Қаржы ұйымдарының атынан ұсынылған қызметтер бойынша ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексеру; 

Өзін банк не қаржы ұйымының қызметкері ретінде таныстыратын тұлғаларға сақ болу;

 Алдын ала төлем талап ететін күмәнді қызметтерге сенбеу;

Күмәнді жағдай туындағанда бірден полицияға жүгіну.

Құқық қорғау органдары алаяқтықтың алдын алу үшін азаматтардың өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарап, полициямен тығыз ынтымақта жұмыс істеуі қажет екенін еске салады.

Ұқсас материалдар