Жаңалықтар
Қаржыгерлер базалық мөлшерлеме төмендейді деп күтеді: доллар бағамына болжам қандай?
Қазір базалық мөлшерлеме — 16,25%. Сарапшылардың бір бөлігі оны 0,25 пайыздық тармаққа, ал басым бөлігі 0,5 пайыздық тармаққа төмендетеді деп күтеді. Дегенмен бұл — нарық қатысушыларының болжамы, Ұлттық банктің ресми шешімі емес.
АФК сауалнамасында теңге бағамы мен инфляцияға қатысты күтулер де жаңарған. Сарапшылар қараша айының басында доллар бағамы 456,5 теңге шамасында болады деп болжап отыр. Ал алдыңғы сауалнамада бұл көрсеткіш 474,2 теңге болған. Бір жылдық көкжиекте доллар бағамына қатысты болжам 511,6 теңгеден 502,6 теңгеге дейін жақсарған.
Қаржыгерлердің бағалауынша, инфляцияға қатысты 12 айлық күтулер де төмендеп, 10,4%-дан 9,7%-ға түскен. Теңгеге жоғары кірістілік ұсынатын құралдар, Ұлттық банк пен экспорттаушылардың валюта сатуы және сауда профицитінің өсуі қолдау көрсетуі мүмкін. Сонымен бірге Ұлттық банк инфляция тәуекелдерін ескеріп, ақша-кредит саясатын жұмсартуға мүмкіндік шектеулі екенін айтқан.





