Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Каспийге соңғы 2,5 жылда 35 млрд текше метрден астам су жіберілді

Каспийге соңғы 2,5 жылда 35 млрд текше метрден астам су жіберілді

Атырауда өткен есептік кездесуде Нұржан Нұржігітов Каспий теңізіне су жіберу көлемі туралы мәлімет берді.

Министрдің айтуынша, биылғы жылдың басынан бері Каспий теңізіне 6,16 млрд текше метрден астам су бағытталған. Ал соңғы екі жарым жыл ішінде теңізге жіберілген судың жалпы көлемі 35 млрд текше метрден асты.

Оның ішінде 2024 жылғы көктемгі су тасқыны кезеңінде Каспийге 17 млрд текше метрден астам су жеткен.

Кездесу барысында министрлік жаңа Су кодексін іске асыру аясында өнеркәсіптік кәсіпорындарды түгендеу жұмыстары аяқталғанын хабарлады. Сонымен қатар кәсіпорындарға бес жыл ішінде айналымды сумен жабдықтау жүйесіне көшу жоспарын әзірлеу міндеті жүктелген. Қазіргі таңда осындай 168 жоспар дайындалған.

Ведомство мәліметінше, су үнемдеу технологияларын енгізу қарқыны соңғы жылдары бес есеге артқан. 2024–2025 жылдары мұндай технологиялар жыл сайын 150 мың гектар алқапта қолданылып келеді.

Атырау облысында өткен жылы жаңбырлатып және тамшылатып суару әдістері арқылы 9,3 мың гектар жер суарылып, нәтижесінде 12,8 млн текше метр су үнемделген. Биыл бұл технологиялар қосымша 800 гектар жерге енгізілген.

Нұржан Нұржігітов су ресурстарын тиімді пайдалану, судың ысырап болуына жол бермеу және оны нақты қажетті аймақтарға жеткізу негізгі міндеттердің бірі екенін атап өтті.

Есептік кездесу барысында тұрғындар жаңа су қоймасын салу, жерасты су қорларын зерттеу, электр энергиясын субсидиялау және ирригациялық каналдарды жаңғырту мәселелерін көтерді. Ал азаматтарды жеке қабылдау кезінде каналдар арқылы су жеткізудің тұрақтылығына қатысты сұрақтар талқыланып, министр жауапты құрылымдарға тиісті тапсырмалар берді.

Ұқсас материалдар