"Мен инвестиция және бизнес саласындағы ахуалды жақсартуға, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға айрықша назар аударамын. Күздегі Жолдауымда Үкіметке осыған қатысты нақты тапсырмалар бердім. Былтыр сәуірде кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау үшін бизнесті жүргізу мәселесіне қатысты заң қабылдадық. Қазір мемлекеттік бақылау жүйесін ретке келтіріп жатырмыз. Бұрынғыдай заңсыздықтарды тексеруге емес, оның алдын алуға көбірек басымдық беріліп отыр. «Басынан бастап реттеу» тәсілі енгізіліп жатыр. Кейбір экономикалық қылмыстар қылмыс санатынан шығарылды, экономикалық құқық бұзушылықтың 29 түрі бойынша қамауға алу жазасын қолдануға тыйым салынды. Мұның бәрі кәсіпкерлердің мүддесі үшін жасалды, деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі үздіксіз артып келеді. Бүгінде осы бизнестің өкілдері 4,3 миллион адамға, яғни еңбек етіп жүрген азаматтардың тең жартысына жуығына жұмыс тауып беріп отыр. Сондықтан кәсіпкерлік бастамалар ел экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналып келеді деп сеніммен айтуға болады.
"Мемлекеттің инвестициялық ахуалды жақсарту жолындағы жұмысы жемісін беріп жатыр. Жақында Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия мен Тынық мұхит елдеріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы инвестиция жөніндегі баяндамасын жариялады. Онда Қазақстанның 2024 жылы жаңа жобаларға 15,7 миллиард доллар көлемінде тікелей шетел инвестициясын тартқаны көрсетілген. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 88 пайызға артық. Біз Солтүстік және Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отырмыз. Аймақтағы шетел инвестицияларының үштен екісіне жуығы, яғни 63 пайызы Қазақстанның еншісінде, - деді Президент.
Бизнес өкілдерімен, инвесторлармен алдағы уақытта да кездесетінін, олардың жасампаз бастамаларын қолдайтынын айтқан Мемлекет басшысы Үкімет пен барлық мемлекеттік органдардан да осыны, яғни бизнеске құлақ асып, онымен үйлесімді жұмыс жүргізуді, болашағы зор жобаларға қаржы салатын кәсіпкерлер мен инвесторларға қолдау көрсетуді талап етті.