Қаңтар оқиғасы: «Дикий Арман» 20 жылға, Қайрат Құдайберген 8 жылға сотталды
Қаңтар ісі бойынша «Дикий Арман» деген лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиев сотталды.
Прокурор Жұмагелдиевке 20 жыл, Қайрат Құдайбергенге 8 жыл, ал ҰҚК 5-басқарма бұрынғы басшысы Руслан Ысқақовқа 15 жыл 6 ай түрме жазасын сұраған. Үшеуі де кінәлі деп танылды.
Арман Жұмагелдиев – 20 жылға бас бостандығынан айырылды;
Қайрат Құдайберген – 8 жылға сотталып, бүкіл мемлекеттік наградалардан айырылды;
Руслан Ысқақов – 15 жылға сотталды;
Талғат Махат – 1 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен, қылмыс әлемінің серкесі Арман Жұмагелдиевке «Қаңтар» оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырғаны және оған қатысқаны үшін айып тағылған. Тергеу болжамы бойынша, ол кездейсоқ өтіп бара жатқан 20-дан астам адамды ұрлап, қару-жарақ ұрлап, адамдарды заңсыз ұстап, олардың бостандығын шектеген.
Қайрат Құдайбергенге жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және Жұмагелдиевке белсене көмек көрсету айыптары тағылған. Сот материалдарына сәйкес, экс-депутат наразылық танытушыларды топтарға бөліп, белбеулер таратып, адамдарды ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеттеріне қатысуға шақырған.
Осы іс бойынша тағы бір айыпталушы, Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің 5-басқарма бұрынғы басшысы Руслан Ысқақов бар. Ол Жұмагелдиевтің қылмыстық тобына қолдау көрсеткен деп айыпталды. Тергеу материалдары бойынша, Ысқақов «Дикий Арманға» Алматыдағы алаңда адамдарды жиналуға ұйымдастыруды тапсырған.
Айта кетейік, осы іс бойынша негізгі сот тыңдаулары 2023 жылдың қазан айында басталды. Қаңтар оқиғасы бойынша сот процесі жабық режимде өтті. Себебі алғашқы тыңдауларда Руслан Ысқақовтың мәлімдемесіне байланысты жағдай күрделенді.
Ол өз сөзінде ҰҚК басшысының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбіштің осы оқиғаға қатысы бар екенін айтты. Елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Әбіш 2024 жылдың наурыз айында үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша айыпты деп танылып, 8 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Ол қаңтар оқиғасы кезінде билік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін сотталды.