«Қазақ тілі» қоғамы мен SANA FOUNDATION кәсіпкерлік саласында қазақ тілінің мәртебесін бірге арттырады
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Рауан Кенжеханұлы мен мен SANA FOUNDATION қоғамдық қорының төрағасы Мақсат Халық бірлескен меморандумға қол қойды.
Кездесу барысында кәсіпкерлік саласында қазақ тілінің мәртебесін арттырудың жолдары мен қолдану аясын кеңейту жобалары талқыланды.
Іскерлік этика мен кәсіпкерлік кодты қалыптастыруды мақсат еткен келісім бірлескен іс-шаралар, семинарлар мен форумдар өткізуге, бизнес әдебиет пен материалдарды көбейтуге, қазақ тілінде сапалы медиа және онлайн контентті дамытуға жалғаспақ.
Сондай-ақ, кәсіпкерлік жауапкершілік негізінде зияткерлікті қалыптастыру мен ағартушылықты трендке айналдыру мақсатында әлеуметтік жобалар легі жоспарланды.
Айта кетейік, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы 1989 жылдан бері ҚР Ата заңы (Конституциясы), Тіл туралы Заңы, өзінің Жарғысы және Халықаралық нормалар негізінде қызмет жасайтын ұйым. Омбы, Орынбор, Астрахань, Қорған, Санкт-Петербург, Саратов, Волгоград қаласында, Моңғолия, Түркия, т.б. қалаларында бөлімшелері бар.
SANA FOUNDATION қоры кәсіпкерлік ағартушылықпен айналыса отырып, зияткерлік, әлеуметтік жобаларды жүзеге асырады. Қор 2023 жылы тұңғыш қазақ тіліндегі экономикалық-бизнес форумын ұйымдастырды.
Бұған дейін, Алматыда SANA FOUNDATION тұсаукесері өткені туралы хабарлаған едік.