
2025 жылғы 17 ақпанда Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ға қарасты «Жомарт» кенішіндегі шахтада тау массасы опырылды.
Құлаған аймақта шахтаның 7 қызметкері қалып қойды. Қазіргі уақытта «АСС Сериктес» ЖШС құтқару бөлімшелері авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Оқиға орнына Ұлытау және Қарағанды облыстарының Төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) қызметкерлері, кинологиялық есептоптар, Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері мен Қазақстан ТЖМ психологтары жіберілді», – делінген ТЖМ хабарламасында.
Қазіргі таңда Төтенше жағдайлар министрлігінің Командалық орталығы мен Ұлытау облысының ТЖД базасында жедел штабтар құрылып, жұмыс істеп жатыр. ТЖМ-де «жедел желі» телефоны іске қосылды. Телефон нөмірі: 8 (7172) 55-96-21.
Апаттың мән-жайы анықталуда.