Премьер-Министр Олжас Бектенов депутаттардың сауалына жауап берді.
– Биыл Қазақстанның бидай экспорттаудағы әлеуеті шамамен 12 млн тонна деп бағаланып отыр. Қазақстандық өнімдерді жаңа нарықтарға жеткізу, әсіресе көлік шығындары мен бағаның төмендігі тұрғысынан қиындық туғызады. Осыған орай Ауыл шаруашылығы министрлігі азық-түлік астығын тасымалдау шығындарын арзандату үшін субсидия төлеу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысының жобасын әзірледі. Жоба жұмыс тәртібімен мүдделі мемлекеттік органдармен (Сыртқы істер министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, Қаржы министрлігі және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі) келісілді, – деді Үкімет басшысы.
Оның атап өтуінше, Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне және Дүниежүзілік сауда ұйымының ережелеріне сәйкес экспортты субсидиялауға шектеулер бар. Бұл ретте жобада Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктеріне қатысты қандай да бір шектеулердің туындауына жол бермеу мақсатында экспортқа қатысты ескертпелер мен шектеулер айтылмайды.
– Бұл сақтау пункттерін босату және жаңа өткізу нарықтарын ашу үшін қажет (Еуропалық Одақ елдері, Солтүстік Африка, Иран Ислам Республикасы және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері). Жалпы жаңа нарықтарға 1,5 млн тоннаға дейін астық экспорттау көзделуде. Жобаның маңызды аспектісі – астық тасымалдауды ұйымдастыруда ұлттық теміржол компаниясының жауапкершілігін айқындау. Бұл компания тасымалдауды ұйымдастыратын оператор ретінде белгіленіп, астық тасымалына байланысты көліктік-экспедиторлық қызметтер көрсететін заңды тұлға ретінде әрекет етеді, – деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысы бюджеттік субсидиялар операторға азық-түлік астығын тасымалдау үшін көрсетілген нақты қызметтер үшін төленеді. Субсидия төлеу механизмі 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 2025 жылдың 1 қыркүйегіне дейін қолданылатын болады. Бұл кезеңде экспорттаушылар көліктік шығын шеккенін растайтын құжаттар негізінде көмек алады.
– Сонымен қатар, оператор алдағы жөнелтілімдерді жоспарлау мақсатында нақты жөнелтілген азық-түлік астығының субсидияланған бағыттары бойынша мониторинг жүргізеді. Сондай-ақ, оператор ресми сайтта күн сайын нақты әкетілген астық көлемі және астық тасымалдаудың төленген құнының мөлшері туралы тиісті ақпаратты орналастырады, – деді ол.
Тегтер:
Ұқсас материалдар
Көп оқылғандар
Өткен 11 айда отандастарымыздың зейнетақы активтері 4,25 трлн теңгеден асты
- 28 желтоқсан, 2024