Шешім Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында қабылданды.
«Қазақстан аумағына алма әкелуге тыйым салу мәселесі қаралды. Талқылау қорытындысы бойынша Қазақстан аумағына үшінші елдерден алма әкелуге уақытша тыйым салу туралы шешім қабылданды», - делінген хабарламада.Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биылғы жылы алманың жалпы түсімі 300 мың тонна болады деп болжануда. Жеміс-жидек өндірісінің мұндай көлеміне бау-бақша шаруашылығына өткен жылдары мемлекеттік қолдау шараларының арқасында қол жеткізілгені атап өтілді.
2024 жылы алма бақтары толық жеміс беріп, шығымдылық 18 пайызға артады деп күтілуде, бұл ішкі нарықтың сұранысын өтейді.