Қазақстан жасанды интеллект саласындағы жетекші ойыншылардың бірі – Anthropic компаниясына инвестиция салып, оның акционері атанды. Бұл туралы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.
Ұлттық инвестициялық корпорация компанияның Series F инвестициялық раундына қатысып, 25 млн доллар көлемінде қаржы құйған. Сол кезеңде Anthropic-тың нарықтық бағасы шамамен 183 млрд доллар болған. Ал 2026 жылдың ақпанында өткен келесі раундтан кейін компания құны 380 млрд долларға дейін өсті.
Көпшілікке Claude өнімдері арқылы танымал компания жасанды интеллект негізінде жаңа технологиялық инфрақұрылым қалыптастырып жатыр. Әсіресе, қауіпсіздік, басқарылу және корпоративтік ортада қолдануға бейімділік бағыттарына басымдық беріледі.
Ұлттық инвестициялық корпорация бұл инвестицияны ұзақ мерзімді стратегияның бір бөлігі ретінде қарастырады. Қор болашақ экономиканың драйверіне айналатын технологиялық компанияларға қатысуды кеңейтуді көздеп отыр.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне ерекше назар аударып, бұл саладағы бәсекеде уақытылы шешім қабылдаудың маңызын атап өткен болатын.





