Қазақстан Ауғанстанға гуманитарлық жүк жіберді, – деп хабарлайды ТЖМ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес Ауғанстан халқына жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен тұрғындарды қолдау мақсатында гуманитарлық көмек жөнелтілді.
«Мемлекеттік материалдық резервтен қажетті дәрі-дәрмектер, медициналық құралдар, төсек-жабдықтар, шатырлар және өзге де бірінші кезектегі қажетті заттар бөлінді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккендерге білікті көмек көрсету үшін медициналық қызметкерлер тобын жасақтап жөнелтті», – делінген хабарлмада.
Гуманитарлық жүктің құрамына жалпы салмағы 18 тонна болатын 34 атау енгізілген. Жүк Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ұшағымен жеткізіліп, гуманитарлық көмек бүгін ауған тарапына табысталады.
«ТЖМ әскери бөлімінің қызметкерлері мен әскери қызметшілері тиеу және түсіру жұмыстарын жүргізіп, жүктің жедел дайындалуы мен жөнелтілуін қамтамасыз етті. Гуманитарлық көмек «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің қолдауымен көрсетілді», – делінген хабарламада.





