Құжатты іске асыруға 1,3 трлн теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Министрдің айтуынша, тұжырымдама мемлекет қабылдаған жүйелі шаралар мен қол жеткізілген нәтижелер негізінде әзірленген. Ол балалардың құқықтарын қорғаудағы бірізділікті қамтамасыз етіп, жүргізілетін шаралардың тиімділігін арттыруды көздейді.
Тұжырымдама төрт негізгі бағытты қамтиды. Олар – балалардың қауіпсіздігі, білім алу құқығы, денсаулығын сақтау, сондай-ақ отбасы мен әлеуметтік қорғау саласындағы құқықтары.
Құжаттың орындалу тиімділігін бағалау үшін 10 индикатор белгіленген, ал нақты іске асыру үшін 158 іс-шара жоспарланған.
«Қауіпсіздік» бағыты аясында қазіргі ахуалды ескере отырып, жұмыс күшейтіледі. Атап айтқанда, «Адал азамат» бағдарламасы шеңберінде «Заң және тәртіп» қағидатын кеңейту көзделіп отыр. Бұл балалардың өмірі, білімі және дамуы үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.
Сонымен қатар «Таза Қазақстан» акциясы балаларды тәрбиелеудің идеологиялық платформасы ретінде қарастырылады. Бүгінде ел бойынша 20 психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді, барлық мектептерде қауіпсіздік сабақтары енгізілген, сондай-ақ «111» байланыс орталықтары қызмет көрсетіп келеді.





