Қазақстанда отандық ғарышкердің жаңа ұшу миссиясын жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылуда.
Бұл туралы Ресейлік ғарыш форумында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды ТАСС.
Оның айтуынша, Қазақстанда осы уақытқа дейін бес ғылыми бағдарламаны орындап, бес рет ғарышқа ұшқан үш ғарышкер болды. Қазіргі таңда, Оралмағамбетов атап өткендей, қоғам да, мамандар да пилоттық космонавтикада елдің жаңа өкілі пайда болғанын күтіп отыр.
Шенеунік республикада болашақ ғарыш миссияларына негіз бола алатын ғылыми зерттеулердің басталып кеткенін хабарлады. Атап айтқанда өткен жылы Қазақстанда төрт әйелден тұратын экипаждың арнайы капсулада ұзақ уақыт оқшаулануы бойынша жерүсті эксперименті басталды. Биыл мұндай тәжірибелерді жалғастырып, оның нәтижелерін кәсіби қауымдастыққа таныстыру жоспарлануда.
Бұдан бөлек, Оралмағамбетов Ресей-Қазақстан бірлескен «Бәйтерек» жобасы аясында «Союз-5» зымыранын ұшу сынақтарынан өткізгеннен кейін, болашақта оны тек спутниктерді ұшыру үшін ғана емес, ғарышкерлерді аттандыру үшін де пайдалану мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, аталған жоба аясындағы алғашқы ұшырылым жақын күндері күтілуде.
Бірінші Ресейлік ғарыш форумы 9 сәуірде «Ресей» ұлттық орталығында «Ғарыш апталығы - 2026» аясында өтуде. Шараға ондаған елдің делегациясы қатысып жатыр, ал бағдарлама 13 сессия мен ғарыш саласындағы жаһандық сын-қатерлерге арналған пленарлық отырысты қамтиды.





