
Қазақстанда көлік-логистика саласын дамыту мақсатында ауқымды инфрақұрылымдық бастамалар іске асырылып жатыр.
Қазіргі таңда теміржол саласында ұзындығы 1,3 мың шақырымнан асатын төрт жоба қолға алынған. Олар – «Достық – Мойынты», Алматы айналма жолы, «Дарбаза – Мақтаарал» және «Бақты – Аягөз». Биылдың өзінде Алматы айналма жолы мен «Достық – Мойынты» учаскесінің екінші жолдары пайдалануға беріліп, жүк тасымалы көлемі бес есеге дейін ұлғаяды.
Сонымен қатар, «Транс-Қазақстан теміржол дәлізі» жобасы жүзеге асырылуда. Оның аясында «Мойынты – Қызылжар» бағытында 366 шақырымдық жаңа жол салынып, 1,6 мың шақырымнан астам теміржол жаңғыртылуда. Алдағы бес жылда жалпы 16 мың шақырым жолды салу және жөндеу жоспарда бар.
Жолаушыларға да қолайлы жағдай жасалуда. Ел бойынша 125 вокзал қайта жаңартылып жатыр: қасбеттері, инженерлік желілері, күту залдары мен платформалары жаңартылуда. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған қауіпсіздік жүйелері орнатылуда. Бұдан бөлек, биыл жолаушылар вагондарының паркі 175 бірлікке толықтырылады, оның ішінде Stadler компаниясының 51 жаңа вагоны бар.