
Азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша мемлекет меншігіне 4,4 миллиард теңге қайтарылды.
ҚР Жоғарғы аудиторлық палатасында ветеринариялық-санитариялық, фитосанитариялық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы қаралды. Аудиторлық іс-шара Ауыл шаруашылығы министрлігін, оның жекелеген комитеттері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарын, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясын, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығын, «QazBioPharm» ұлттық холдингін, бейінді жоғары оқу орындары мен өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды қамтыды.
Жүргізілген мемлекеттік аудит республикадағы агроөнеркәсіптік кешеннің дамуын тежейтін бірқатар мәселені анықтады. Олардың қатарында бағдарламалық құжаттардың арасында үйлесімділіктің болмауы, өзін-өзі қамтамасыз ету көрсеткіштерінің сақталмауы және азық-түлік қорларына мониторингтің жеткіліксіздігі сияқты проблемалар бар. Мәселен, негізгі азық-түлік тауарлары бойынша өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі әлі де 80%-ға жетпейді, ал қолданылып жүрген есептеу әдістемесі физиологиялық тұтыну нормаларын ескермейді. Азық-түлік қорларын есепке алу және бақылаудың автоматтандырылған жүйесі әлі де енгізілмеген, бұл мұндай тауарлардың бар-жоғы және қозғалысы туралы деректердің нақтылығына әсер етеді.
Ветеринариялық және фитосанитариялық қауіпсіздік бойынша да олқылықтар бар. Ветеринариялық зертханалардың 87%-дан астамы халықаралық стандарттарға сәйкестігі бойынша аккредиттелмеген. 396 млн теңгеден астам сомаға ветеринариялық препараттарды сатып алу рәсімдерін бұзу фактілері анықталды. 101 шегаралық өткізу пунктінің 24-і фитосанитариялық бақылаумен қамтамасыз етілмеген.
Мемлекеттік аудиторлар ауыл шаруашылығының ғылыммен қамтылу деңгейінің төмен екенін де атап өтті. 2023 жылы бұл көрсеткіш ЖІӨ-нің небәрі 0,26%-ын құраған. Ғылыми зерттеу нәтижелерінің жеткілікті қолданыс таппауы саланың дамуын тежейді.
Жалпы аудит барысында:
- 179 млн теңгеден астам бюджет қаражатының тиімсіз жоспарланғаны
- 66,2 млрд теңгенің тиімсіз пайдаланылғаны анықталды.
- мемлекет активтеріне 4,4 млрд теңге өтелді.
Жоғарғы аудиторлық палата ҚР Үкіметі мен аудит объектілеріне анықталған заңбұзушылықтар мен мәселелерді жою үшін қажетті ұсыныстар мен тапсырмалар берді.