
Қазақстан мен Хорватия арасындағы екіжақты сауда көлемі 280 миллион АҚШ долларынан асты. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу айтты.
– Орталық Азиядағы ең ірі экономика ретінде Қазақстан өз экономикасын әртараптандыру, инновацияны қолдау және білімге негізделген даму үлгісіне көшу мақсатында кешенді реформалар жүргізіп жатыр. Ашық есік саясаты, мол табиғи ресурстарымыз және қолайлы іскерлік ахуал шетелдік инвесторлардың қызығушылығын тудырып отыр. Бұл тәсіл Қазақстан мен Хорватия арасындағы серпінді экономикалық өзара іс-қимылға жол ашты. Өткен жылы екіжақты сауда көлемі 280 миллион АҚШ долларынан асты, ал инвестиция көлемі 9 миллион долларға жуықтады, – деді ол екі елдің сыртқы саяси ведомстволарының басшылары және іскер топтарының қатысуымен өткен «Қазақстан-Хорватия» бизнес-форумында.
Сондай-ақ министр бұл ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге зор мүмкіндік барын атап өтті.
Айта кетейік, форум бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасап, іскерлік байланыстарды кеңейту мақсатында өтіп жатыр.