
Қазақстан мен Мысыр фармацевтика саласындағы әріптестікті нығайтуды жоспарлап отыр.
Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Елшісі Асқар Жеңіс Каирде "Egyptian International Pharmaceutical Industries Co." (EIPICO) компаниясының басшылығымен кездесу өткізді. Кездесу барысында елімізде фармацевтикалық зауыт салу жобасының қазіргі жай-күйі мен келешегі талқыланды.
EIPICO басқарма төрағасы Ахмед Келани компанияның Қазақстанда заманауи, толық циклді фармацевтикалық өндіріс орнын салуға ниетті екенін растады. Оның айтуынша, жоба жаңа кезеңге өткен: зауыт салынатын жер анықталған. Жақын арада компания басшылығы Қазақстанға жұмыс сапарымен келіп, жобаны іске асырудың ұйымдастырушылық және техникалық тұстарын талқыламақ.
Өз кезегінде Елші Асқар Жеңіс фармацевтикалық өндірісті дамыту Қазақстан экономикасының стратегиялық басым бағыттарының бірі екенін атап өтіп, аталған жобаны жүзеге асыруда барлық қажетті қолдау көрсетілетінін жеткізді.