2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Таиланд арасындағы тауар айналымы 255,1 млн долларды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 7,9 пайызға өсті. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.
Министрлік мәліметінше, Қазақстанның Таиландқа экспорты айтарлықтай өсім көрсетіп, 6,3 есеге артып, 38,6 млн долларға жеткен.
Ал 2026 жылдың қаңтар–наурыз айларында екі ел арасындағы сауда айналымы 77,9 млн долларды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 69,2 пайызға ұлғайған. Осы кезеңде Қазақстан экспорты 22,1 есеге өсіп, 27,8 млн доллар болған.
Ведомство бұл көрсеткіштер Қазақстан мен Таиланд арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге елеулі мүмкіндік бар екенін көрсететінін атап өтті.
25 мамырда Таиланд астанасы Бангкокта Қазақстан–Таиланд бизнес-форумы аясында Қазақстанның сауда-экономикалық миссиясы ұйымдастырылды. Іс-шара барысында екі елдің бизнес өкілдері арасында жалпы құны 101 млн долларды құрайтын келісімдер мен меморандумдарға қол қойылды.
Қол жеткізілген уағдаластықтар экспорттық жеткізілімдерді ұлғайтуға, іскерлік байланыстарды кеңейтуге және екі ел компаниялары арасындағы практикалық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.
Қазақстандық делегация форум барысында отандық кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін таныстырды. Қатысушылар қатарында азық-түлік және агроөңдеу, ұн мен макарон өндірісі, ет және сүт өнімдері, кондитерлік және функционалдық тағамдар, сусындар, жеңіл өнеркәсіп, дизайнерлік киім, парфюмерия мен косметика, сондай-ақ IT, цифрлық инфрақұрылым, мұнай-химия және тұрмыстық химия саласындағы компаниялар болды.
Бұған дейін 2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 32,9 млрд долларға жеткені хабарланған еді.





