Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстан мұнай-газ химиясында жергілікті бизнесті қолдауға кірісті

Қазақстан мұнай-газ химиясында жергілікті бизнесті қолдауға кірісті

Қазақстанның Энергетика министрлігі жанынан мұнай-газ химиясы жобаларына отандық компаниялардың қатысуын кеңейту мақсатында арнайы жұмыс тобы құрылды.

Бұл шешім Мемлекет басшысының жергілікті қамтуды арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес қабылданды.

Жаңа құрылымның алғашқы отырысы 26 тамызда өтіп, онда Атырау облысында полиэтилен зауытын салу мәселесі талқыланды. Алдағы уақытта газды бөлу кешені, бутадиен мен карбамид өндірісі сияқты басқа да жобалар күн тәртібіне енгізіледі.

Жұмыс тобына мемлекеттік органдармен қатар, «ҚазМұнайГаз», «Атамекен» ҰКП, «KAZENERGY», «PetroCouncil», «KazService» және бірқатар халықаралық EPC-мердігерлер («Tecnicas Reunidas», «Tecnimont») өкілдері кірді. Құрылымның негізгі міндеттері — отандық компаниялардың үлесін арттыруға арналған механизмдерді әзірлеу, инвесторлардың жергілікті қамту міндеттемелерін бақылау және бизнестің жолындағы әкімшілік, техникалық кедергілерді азайту.

Бірқатар нақты қадамдар да жасалып жатыр. Мәселен, қазақстандық мұнайсервистік компаниялар «Tecnicas Reunidas»-тың шақыруымен Испанияға барып, өндірістік нысандарды көріп, ұлттық инженерлік әлеуетті дамыту жолдарын талқылады.

Кәсіпкерлердің айтуынша, кейбір шетелдік мердігерлер демпингтік баға ұсынып, қазақстандық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін төмендетуде. Осыған байланысты «Атамекен» ҰКП, PetroCouncil және KazService өкілдері жергілікті қамтуды күшейтудің маңыздылығын атап өтті.

Энергетика министрлігінің Мұнай-газ химиясы және техникалық реттеу департаментінің директоры Темірлан Үркімбаев жұмыс тобының миссиясын нақтылап берді:

«Біздің басты мақсатымыз – жай талқылаумен шектелмей, нақты шешім ұсыну. Жергілікті қамтуды, әсіресе "Silleno" сияқты маңызды жобалар аясында, жүйелі түрде бақылауда ұстаймыз. Қазақстандық компаниялар ірі жобаларда толыққанды серіктеске айналуы үшін барлық жағдай жасалуы тиіс», – деді ол.

Жаңа бастаманың түпкі мақсаты – жергілікті жеткізушілерден сатып алу көлемін арттырумен қатар, күрделі жобаларды өздігінен жүзеге асыра алатын ұлттық EPC-компанияларды қалыптастыру.

Айта кетсек, бұған дейін министрлік «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған Жол картасын» бекіткен және «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы» заң жобасын дайындап жатыр.

Ұқсас материалдар