Көлік министрі Марат Қарабаев Үкімет отырысында биыл қанша шақырым жолға жөндеу жүргізілетінін айтты.
2029 жылға дейін 3 мың шақырым жолды бірінші және екінші санатқа ауыстыра отырып реконструкциялау көзделген.
«Қазір министрліктің алдына 10 мың шақырым жолды орташа жөндеуден өткізу міндеті қойылған. Өткен жылы оның 5 мың шақырымында жұмыстар басталып, 1 мың шақырымы іске қосылды. Биыл қалған 4 мың және жаңа 2 мың 600 шақырымда орташа жөндеу жүргізіледі. Жалпы орташа жөндеумен қамту 6600 шақырымды құрайды. Бұл әдіс жобаларды жүзеге асыру мерзімін 3 есе қысқартып, шығындарды 7 есе азайтуға мүмкіндік берді», – деді министр.
Сөзінше, аталған жолдар өңіраралық аудан мен ауданның арасын қосатын, халықтың тікелей игілігіне бағытталған жобалар.
«Бұл ретте, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Абай облыстарында ең ауқымды жұмыстар жоспарланған. Сондай-ақ, 20, 30, тіпті 50 жылдан астам уақыт жөндеу жүргізілмеген Петропавл мен Жезқазған, Қандыағаш – Шалқар, Жаңаөзен – Түркіменстан шекарасы, Қарағанды – Аягөз – Бұғаз жолдары толығымен жөндеуден өткізілетін болады», – деп атап өтті Марат Қарабаев.