Қазақстанда автожолдарды жаңғырту мен цифрландыру жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, биыл 13 мың шақырым автожол құрылыс және жөндеу жұмыстарына қамтылған. Қазіргі таңда республикалық маңызы бар жолдардың 93%-ы нормативтік-техникалық талаптарға сәйкес келеді.
Сондай-ақ елдің ішкі шекараларындағы өткізу пунктерін жаңғырту қарқынды жүріп жатыр. 2027 жылдың соңына дейін 37 пунктті толық жаңарту жоспарланған.
Сауранбаев автожол саласындағы негізгі тиімділік факторы ретінде цифрлық технологияларды атады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша e-Joldar жүйесі аясында жолдардың цифрлық төлқұжаттары әзірленуде. Бұл болашақта пилотсыз көліктерді енгізуге жол ашады.
Жол жағдайын бақылау үшін жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып жыл сайын диагностика жүргізіледі. Сонымен қатар жол төсемін сақтау мақсатында 220-ға дейін автоматтандырылған өлшеу станциясын орнату жалғасуда.
Министрдің мәліметінше, ақылы жолдарда енгізілген KazToll жүйесі арқылы бүгінге дейін 79 млрд теңге жиналған. Бұл бюджетке түсетін салмақты азайтуға және жол инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді.





