Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда банк ашу жеңілдейді: Мәжіліс жаңа заң жобасын қарады

Қазақстанда банк ашу жеңілдейді: Мәжіліс жаңа заң жобасын қарады

Елімізде банк ашу және қаржы ұйымдарына лицензия беру тәртібі жеңілдейді.

Бүгін Мәжіліс «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөніндегі қаулы қабылдады.

Заң жобасы 2025 жылдың 29 тамызында Үкімет қаулысымен Парламентке енгізілген. Құжат Мемлекет басшысының қаржы секторын жаңғырту және бәсекелестікті арттыру жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталған.

Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Татьяна Савельева заң жобасы банк қызметін жетілдіріп, қаржы нарығындағы ашықтық пен тұрақтылықты күшейтуге ықпал ететінін атап өтті.

«Жаңа банктердің нарыққа шығу шарттары жеңілдетіледі. Бұл – қаржы секторындағы бәсекелестікті арттырып, шағын және орта бизнесті қолдауға мүмкіндік береді», – деді Савельева.

Заң жобасында базалық банктік лицензия енгізу көзделген. Бұл қадам шағын қаржы ұйымдарына банк қызметінің жекелеген түрлерін атқаруға жол ашады.

Сонымен қатар, қаржы ұйымдарының басшыларына қойылатын талаптар күшейтіледі. Енді басшылық қызметке тек кәсіби біліктілігі жоғары, тәжірибелі мамандар ғана тағайындалатын болады.

Жаңа заң жобасында төлем қабілетсіз банктердің қызметін реттеу тетіктері де қарастырылған. Бұл тетік қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтау және салымшылардың мүддесін қорғау мақсатында енгізіліп отыр.

Тағы бір маңызды жаңалық – құжат аясында ұлттық цифрлық қаржылық инфрақұрылымды қалыптастыру және Цифрлық теңге мен цифрлық активтер айналымына арналған заңнамалық негіз әзірлеу жоспарланған.

Жалпы алғанда, жаңа заң жобасы еліміздің банк секторын жаңа деңгейге көтеріп, қаржы жүйесінің сенімділігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған.

Ұқсас материалдар