Қазақстанда қан компоненттерін QR-код арқылы сәйкестендіру жүйесі енгізілді
Қазақстанда алғаш рет қан компоненттерін QR-код арқылы сәйкестендіретін цифрлық жүйе іске қосылды.
Жоба Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Республикалық қан орталығында енгізілген.
Ведомство мәліметінше, ScanQAN жүйесі қан құю қауіпсіздігін күшейтіп, адами факторға байланысты тәуекелдерді азайтуға бағытталған.
Жаңа технология қан компоненттерін дайындаудан бастап сақтау, беру және пациентке құюға дейінгі барлық кезеңде жедел әрі нақты сәйкестендіруге мүмкіндік береді.
QR-кодты сканерлеу арқылы медицина қызметкерлері қан компоненті туралы толық ақпарат ала алады. Атап айтқанда:
– зертханалық зерттеу нәтижелері;
– сақтау шарттары;
– қолдану ерекшеліктері;
– клиникалық ұсынымдар жүйеде көрсетіледі.
Мамандардың айтуынша, ScanQAN дәрігерлерге клиникалық жағдайда жылдам шешім қабылдауға көмектеседі.
Сонымен қатар Республикалық қан орталығында стандартты операциялық рәсімдерге арналған QR-кодтар мен өндірістік үдерістерді бақылауға арналған бейнемониторинг жүйелері енгізілген.
Жоба пациенттердің қауіпсіздігін арттырып, қан компоненттерінің сапасын бақылауды күшейтуге бағытталған.





