Қазақстанда киберқауіпсіздік саласын дамыту мақсатында жаңа заң әзірленіп жатыр, деп хабарлады Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.
Қолданыстағы «Ақпараттандыру туралы» заңның атауы мен мазмұны өзгертіліп, ол «Киберқауіпсіздік туралы» заң деп аталатын болады.
Жаңа Цифрлық кодексте ақпараттық қауіптерді басқару, деректерді қорғау және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жаңа тәсілдер енгізіледі.
Заң жобасы аясында стратегиялық маңызы бар ұлттық цифрлық активтерге – үкіметтік жиіліктер, дерекқорлар, жүйелер мен инфрақұрылымға құқықтық мәртебе нақтыланады. Сондай-ақ цифрлық сәйкестік механизмі мен үш деңгейлі аудит жүйесі енгізілмек.
Министрлік мәліметінше, жаңа заң сенім мен жауапкершілікке негізделген қауіпсіз цифрлық экожүйе құруға бағытталған. Құжат қабылданғаннан кейін киберқауіпсіздік деңгейі артып, жеке және мемлекеттік деректерді қорғау жүйесі халықаралық стандарттарға сай күшейтіледі.





