Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда қылмыстық-атқару жүйесінің инфрақұрылымы жаңартылады

Қазақстанда қылмыстық-атқару жүйесінің инфрақұрылымы жаңартылады

Қазақстанда түрме және тергеу изоляторларының инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасуда.

Бұл шаралар 2024-2028 жылдарға арналған қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап бере отырып мәлімдеді.

Бектеновтың айтуынша, Ақтөбе облысында жаңа СИЗО салуға 10 гектар және аралас қауіпсіздік деңгейіндегі мекемеге 40 гектар жер бөлінген. Оралда 2013 жылдан бері аяқталмай тұрған 1500 орындық СИЗО құрылысы қайта жанданып, жобалық-сметалық құжаттаманы түзетуге 170 млн теңге бөлінді.

2024 жылы Қарағанды облысындағы №30 мекемеде 420 орындық үш тұрғын блогы, Қостанай облысындағы №39 мекемеде 140 орындық тұрғын блогы, сондай-ақ Өскеменде 400 орындық СИЗО салуға арналған құжаттама дайындалды.

Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен нысандардың орнына жаңа қылмыстық-атқару жүйесі кешенінің құрылысы басталды. Ал Петропавлда 500 орындық жаңа СИЗО-ның бас жоспары бекітіліп, мекемелер кешенін салуға инвестициялық жоба әзірленді.

Премьер-министрдің айтуынша, түрме инфрақұрылымын дамытуға арналған бөлек бағдарлама қабылдау қажет емес. Бұл бағыттағы жұмыстар қолданыстағы тұжырымдама аясында жалғасады және уәкілетті органдардың тұрақты бақылауында болады.

Сонымен қатар, елде қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіру бойынша қосымша шаралар да қарастырылып жатыр. Олардың қатарында  –  2025 жылы ҚАЖК-не қосымша қаржы бөлу, сотталғандарды босатуға негіз болатын аурулар тізімін кеңейту, жүкті әйелдерді ұстау жағдайларын гуманизациялау және сотталғандардың мінез-құлқын бағалаудың бірыңғай жүйесін енгізу мәселелері бар.

Ұқсас материалдар