
Энергетика министрлігі 2025 жылдың алғашқы төрт айындағы мұнай өңдеу саласының жұмыс қорытындыларын жариялады.
Министрлік мәліметінше, елдегі ірі мұнай өңдеу зауыттары 6,092 миллион тонна мұнай өңдеген – бұл 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10,8%-ға көп.
Негізгі отын түрлерінің өндірісі артты: автомобиль бензині 25,4%-ға өсіп, 2,082 млн тоннаға жетті, дизель отыны 18,9%-ға өсіп, 1,921 млн тонна болды, авиациялық керосин 5,3%-ға өсіп, 0,255 млн тоннаға жетті.
Министрлік мұнай өңдеу көлемінің артуы елдің ішкі нарығын тұрақты жанармаймен қамтамасыз етуге және қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарының экспорттық бағыттардағы позициясын нығайтуға мүмкіндік бергенін атап өтті.
Бұған дейін Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Аккенженов "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ және төрт ірі мұнай өңдеу зауытының басшылығымен стратегиялық кеңес өткізді. Оған Атырау, Павлодар, Шымкент мұнай өңдеу зауыттары және Ақтаудағы Caspi Bitum битум зауыты қатысты.
Кеңестің басты тақырыбы – Қазақстанның мұнай өңдеу саласын 2025–2040 жылдары дамыту тұжырымдамасын жүзеге асыру. Саланың стратегиялық мақсаттары: 2040 жылға қарай мұнай өңдеу көлемін 18 миллион тоннадан 38 миллион тоннаға дейін арттыру, 2032 жылға дейін бұл көрсеткішті 28 миллион тоннаға жеткізу.