Қазақстандықтар сұранысы жоғары мемлекеттік тіркеу нөмірлерін сатып алуға 11 мыңға жуық өтініш берген.
Бұл туралы Үкіметтегі баспасөз конференциясында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкин хабарлады.
Оның айтуынша, жаңа қызмет іске қосылған алғашқы күндері азаматтардың қызығушылығы өте жоғары болған. Соның салдарынан бірқатар өңірдегі халыққа қызмет көрсету орталықтарында уақытша адам көп жиналған.
– Жуырда сұранысы жоғары нөмірлерді сатып алуға өтініш беру бойынша жаңа тетік енгізілді. Алғашқы күндері халық белсенділік танытып, өтініштер саны күрт артты, – деді вице-министр.
Ростислав Коняшкин бұл жағдайдың уақытша екенін және қызметке деген жоғары сұраныспен байланысты болғанын атап өтті.





