
Қазақстанда жақын уақытта жаңа отандық маркетплейс пайдалануға беріледі. Жаңа жоба ел ішінде сауда мен тауар айналымын арттыруға бағытталған.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, жоба Үкімет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатыр және бірқатар артықшылықтарға ие.
– Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша инновациялық агромаркетплейс әзірленіп жатыр. Бұл жүйе өндірушілер, сауда желілері және мемлекеттік органдар арасында тікелей цифрлық байланыс орнатып, делдалдарды және ашық емес өткізу схемаларын жояды, – деді министр.
Арман Шаққалиев жаңа форматтағы B2B платформасының да ерекшеліктерін атап өтті.
– Бұл жоба көтерме импортты реттеуге және шағын әрі орта бизнесті қолдауға бағытталған. Сонымен қатар отандық электрондық платформаны шетелдік маркетплейстермен интеграциялау жоспарда бар. Қазір платформаны толық іске қосу үшін сертификаттау рәсімдеріндегі техникалық кедергілерді жою мәселесі қарастырылып жатыр, – деді ол.
Жаңа маркетплейс іске қосылғаннан кейін Қазақстандағы өндірушілер үшін өткізу нарығын кеңейтіп, сауда саласында ашықтықты арттыру көзделуде.