Қазақстанда ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын дамыту бағытында маңызды жоба іске асырылмақ.
Елімізде әлемге танымал VALLEY брендімен жаңбырлатып суару машиналарын жергілікті жерде өндіру басталады.
Бұл мәселе Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің америкалық Valmont Industries компаниясының Еуразия және Латын Америкасы бойынша аймақтық вице-президенті Филипп Шмидт-Хольцман бастаған делегациямен кездесуінде талқыланды.
Кездесу барысында суармалы егіншілікті дамыту, су ресурстарын тиімді пайдалану және заманауи ирригациялық технологияларды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Үкімет суармалы жерлер көлемін ұлғайтуды агроөнеркәсіптік кешендегі негізгі басымдықтардың бірі ретінде қарастырып отыр.
Серік Жұманғариннің айтуынша, Мемлекет басшысының суармалы жерлер аумағын кеңейту жөніндегі тапсырмасы аясында ирригациялық техниканы елімізде өндірудің маңызы зор.
– Қазақстанның ауыл шаруашылығы жерлерінің әлеуеті жоғары. Сондықтан суару жүйелерін жаңғырту мен заманауи техникаларды қолжетімді ету маңызды. Valmont Industries жобасы фермерлер үшін қажетті жабдықтарды жеткізу мерзімін қысқартып, олардың қолжетімділігін арттырады, – деді вице-премьер.
Қазіргі уақытта VALLEY суару жүйелерін жергілікті құрастыру жобасы соңғы кезеңге жеткен. Өндіріс алаңы қазақстандық «Имсталькон» АҚ базасында ұйымдастырылған. Кәсіпорында қажетті инфрақұрылым толық дайындалып, арнайы кедендік және қоймалық режимдер енгізілген.
Жобаның нарықтық әлеуеті де жоғары бағаланып отыр. Мәселен, Қарағанды облысының өзінде ғана шамамен 250 жаңбырлатып суару машинасын орнатуға арналған жобалар пулы қалыптасқан. Бұл 25 мың гектарға жуық егістік алқапты суармалы жүйемен қамтуға мүмкіндік береді.
Мамандардың пікірінше, өндірісті жергіліктендіру ауыл шаруашылығы өндірушілерінің шығынын азайтып қана қоймай, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуге жол ашады. Сонымен қатар бұл бастама елдегі суармалы егіншіліктің дамуына серпін беріп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін арттыруға ықпал етеді.
Кездесу қорытындысында Серік Жұманғарин Ауыл шаруашылығы министрлігіне және мүдделі мемлекеттік органдарға инвесторлармен жұмысты жалғастырып, фермерлердің заманауи суару техникасына қолжетімділігін кеңейту бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды. Жоба Қазақстанның агроөнеркәсіптік секторын технологиялық жаңғыртудағы маңызды қадамдардың бірі болмақ.





