Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстанда зейнетақы активтерін басқарудың жаңа жүйесі енгізіледі

Қазақстанда зейнетақы активтерін басқарудың жаңа жүйесі енгізіледі

Қазақстанда 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тетігі жаңаша форматта жұмыс істей бастайды.

Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады.

Агенттік қабылдаған жаңа қаулыға сәйкес, 2026 жылдан бастап басқарушы компаниялардың қызметі композиттік индекстер (бенчмарктар) негізінде бағаланатын болады. Бұл индекстер қазақстандық қор нарығы мен халықаралық қаржы алаңдарының көрсеткіштерін қамтып, басқару нәтижелерін нарықтық және жаһандық өлшеммен салыстыруға мүмкіндік береді.

Жаңа жүйе енгізілгеннен кейін зейнетақы активтерін басқаратын компаниялар тәуекел деңгейі мен кірістілігі әртүрлі инвестициялық стратегияларды ұсына алады.

«Бұл өзгерістер салымшыларға өздерінің тәуекелге дайындығы мен инвестициялық қалауларына сай стратегия таңдауына мүмкіндік береді. Сондай-ақ әртүрлі басқарушы компанияларға активтерін бөліп орналастыру арқылы тәуекелді төмендетуге жол ашады», – делінген агенттік хабарламасында.

Сонымен қатар қаулыда инвестициялауға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесі кеңейтіліп, әрбір стратегия үшін жеке инвестициялық лимиттер бекітілген. Бұл басқарушы компанияларға портфельді әртараптандыруға және инвестициялық тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.

Салымшылардың қалауына қарай зейнетақы активтерін қайтадан Ұлттық Банктің басқаруына ерікті түрде қайтару мүмкіндігі де сақталады.

Агенттік мәліметінше, жаңа жүйе зейнетақы активтерінің ұзақ мерзімді кірістілігін арттыруға, басқарудағы ашықтық пен икемділікті күшейтуге, сондай-ақ жеке басқарушылар арасындағы бәсекелестікті дамытуға бағытталған.

Ұқсас материалдар