
Келіссөздердің негізгі тақырыбы фитосанитариялық және ветеринариялық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ қазақстандық аграрлық өнімнің Қытай нарығына экспорт көлемін арттыру шараларын талқылау болды.
Келіссөздер барысында тараптар фитосанитариялық бақылау жөніндегі ұлттық талаптар мен рәсімдер туралы ақпарат алмасты, карантиндік өнімді тасымалдау кезінде өзара іс-қимылды оңтайландыру жолдарын қарастырды.
Диалогтың негізгі тақырыптарының бірі — қант қызылшасының жомын өндіретін қазақстандық кәсіпорындарды бірлесіп тексеруді ұйымдастыру, жаңа өңірлерді қосу арқылы ҚХР-на бидай мен арпаны экспорттау географиясын кеңейту, сондай-ақ Қытай нарығын жаңа өсімдік шаруашылығы өнімдері — күріш, мақта, қауын және қарбыз үшін ашу болды.
— Мал шаруашылығы өнімін Қытайға экспорттауды кеңейту мәселесіне ерекше назар аударылды. Тамыз айының соңында қазақстандық құс фабрикаларына ҚХР инспекциялық тобының тексеруі басталады деп күтіліп отыр.
Сондай-ақ сиыр терілері, құс еті мен сойыс малына арналған ветеринариялық сертификаттарды жедел келісуді қоса алғанда, салқындатылған және термиялық өңделген өнімдерді қамтитын сиыр еті, қой еті және шошқа еті экспортына қатысты ветеринариялық хаттамаларды өзектендіру мәселелері қаралды, — делінген хабарламада.
Тараптар фитосанитариялық және ветеринариялық бақылаудың тиімділігін арттыруға, екіжақты сауда рәсімдерін жеделдетуге бағытталған сараптамалық диалогты дамыту мен ынтымақтастықты тереңдетуге өзара мүдделілік білдірді.
Инспекцияларды өткізу және тиісті құжаттарға қол қою Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамытуда, сондай-ақ Қытай нарығына сапалы әрі қауіпсіз өнімнің тұрақты жеткізілімін қамтамасыз етуде маңызды қадам болмақ.