Алматы қаласының Мемлекеттік кірістер департаменті 2024 жылдың 1 қазанына дейін жеке тұлғалардың 2023 жылға арналған мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталатынын ескертеді.
Қазақстанда жылжымайтын мүлікке ие жеке тұлғалар жыл сайын мүлік салығын төлеуге міндетті, бұл салық тұрғын үйлерге, ғимараттарға, саяжай құрылыстарына, гараждарға, тұрақ орындарына және басқа да құрылыстарға, үй-жайларға, жер учаскелеріне қатысты.
Мүлік салығы әр жылдың 1 қазанына дейін төленуі тиіс. Мысалы, 2023 жылға арналған салықты 2024 жылдың 1 қазанына дейін төлеу қажет, ал 2024 жылға – 2025 жылдың 1 қазанына дейін және солай жалғаса береді.
Кейбір санаттағы азаматтар, мысалы, ардагерлер, мүгедектігі бар адамдар және көпбалалы аналар, салық төлеуден ішінара немесе толық босатылады.
Есептелген салық сомасы туралы ақпарат коммуналдық қызметтерге арналған түбіртекте, eGov.kz порталындағы жеке кабинетте, e-Salyq Azamat мобильді қосымшасында қолжетімді. Сонымен қатар, Kaspi.kz, Homebank мобильді қосымшаларының клиенттеріне алдағы төлемдер туралы PUSH-хабарламалар жіберілді. Салық сомасын Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтындағы «Алдағы төлемдер» сервисі арқылы да анықтауға болады. Салықты eGov.kz порталы, e-Salyq Azamat қосымшасы, банк қосымшалары, төлем терминалдары арқылы төлеуге болады.
Егер мүлік ортақ меншік болса, салықты меншік иелерінің бірі өзара келісім бойынша төлейді.