Қазақстандықтардың 70 пайыздан астамының несиесі бар. Бұл туралы DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы өткізген зерттеу нәтижесінде белгілі болды.
Сауалнама 2026 жылдың 10-23 мамыры аралығында «Қазақстан азаматтарының несиеге қолжетімділігі» тақырыбында жүргізілген. Зерттеу қорытындысы бойынша респонденттердің 72,7 пайызы қазіргі уақытта несие немесе басқа да қарыз міндеттемелері бар екенін айтқан. Оның ішінде 39,7 пайызында бір несие болса, 33 пайызында бірнеше несие бар. Ал қатысушылардың 27 пайызы ешқандай несие төлемейтінін мәлімдеген.
Зерттеу көрсеткендей, қазақстандықтар арасында ең кең таралған қаржы өнімі – тұтыну несиесі. Қарыз алушылардың 70,4 пайызы дәл осы несие түрін пайдаланатынын айтқан. Сонымен қатар респонденттердің 45,7 пайызы тауарды бөліп төлеу қызметін қолданады.
Ал қарыз алушылардың 22,1 пайызы туыстары мен достарынан немесе ломбардтардан қарыз алғанын көрсеткен. Автонесие пайдаланушылардың үлесі 14,4 пайыз болса, ипотекалық несие төлеушілердің үлесі 13 пайызды құрайды.
Зерттеу нәтижесі несие жүктемесінің де жоғары екенін көрсетті. Қарыз алушылардың 46,7 пайызы ай сайынғы табысының жартысынан астамын несие төлемдеріне жұмсайтынын айтқан. Ал 24,5 пайызы табысының 25-50 пайызын, 20,3 пайызы төрттен бірінен аз бөлігін қарыздарын өтеуге бағыттайды.
Сауалнамаға қатысушылардың айтуынша, несие рәсімдеудің басты себептері тұрмыстық қажеттіліктермен байланысты. Респонденттердің 24,2 пайызы тұрмыстық техника сатып алу үшін несие алғанын айтса, 18,9 пайызы тұрғын үй салу немесе жөндеу мақсатында қарыз рәсімдеген. Сондай-ақ 17,4 пайызы жалақыға дейін қаражат жетпеген жағдайда несиеге жүгінетінін көрсеткен.
Бұдан бөлек, автокөлік сатып алу, басқа несиені жабу, ем-дом шығындары, бизнес жүргізу, отбасылық іс-шаралар мен оқу ақысын төлеу де қарыз алудың негізгі себептерінің қатарында аталған.
Соған қарамастан, қазақстандықтардың басым бөлігі өздерінің қаржылық болашағына сеніммен қарайды. Респонденттердің 39,1 пайызы алдағы бір жылда қаржылық жағдайы жақсарады деп толық сенетінін айтса, тағы 24,2 пайызы мұндай өзгерістің болуы ықтимал деп есептейді.
Айта кетейік, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап банктер несие алушының төлем қабілетін бағалау кезінде тек ресми расталған табыс пен қолданыстағы қарыздарын ескеретін болады. Сауалнамаға қатысқандардың 52,5 пайызы несие беру талаптарының қатаңдатылуын қолдаса, 37,5 пайызы бұл өзгерістерге қарсы екенін білдірген.
Зерттеу нәтижесі қазақстандықтар арасында несиеге тәуелділіктің жоғары деңгейде екенін көрсеткенімен, азаматтардың басым бөлігі өз қаржылық мүмкіндіктеріне сеніммен қарайтынын аңғартты.





