Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстандықтар қай елдерге визасыз бара алады?

Қазақстандықтар қай елдерге визасыз бара алады?

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі жазғы демалыс маусымына орай қазақстандықтар визасыз бара алатын елдердің жаңартылған тізімін жариялады.

Ведомство мәліметінше, Қазақстан азаматтары бірқатар елге алдын ала виза рәсімдемей-ақ саяхаттай алады. Визасыз болу мерзімі елге байланысты 14 күннен 90 күнге дейін өзгереді.

90 күнге дейін визасыз баруға болатын мемлекеттердің қатарында Грузия, Албания, Андорра, Молдова, Моңғолия, Украина, Тунис, Колумбия, Сан-Марино, Антигуа және Барбуда, Сент-Китс және Невис, сондай-ақ Сент-Винсент және Гренадин аралдары бар.

Ал Түркия мен Арменияда қазақстандықтарға 180 күндік кезең ішінде 90 күнге дейін болуға рұқсат етілген.

Сонымен қатар Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан және Беларусь елдерінде де 90 күнге дейін визасыз жүруге болады. Алайда бұл мемлекеттерде 30 күннен астам уақыт болған жағдайда міндетті тіркеуден өту қажет.

Ресейге де қазақстандықтар визасыз кіре алады. Ел аумағында бір жыл ішінде жалпы 90 күнге дейін болуға мүмкіндік берілген. Сонымен бірге 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Ресейге оқу немесе жұмыс мақсатында баратын шетел азаматтары үшін электронды рұқсат құжатын рәсімдеу талабы енгізіледі.

Бірқатар танымал туристік бағыттарда визасыз болу мерзімі 30 күнмен шектелген. Олардың қатарында Қытай, Таиланд, Вьетнам, Біріккен Араб Әмірліктері, Катар, Мальдив аралдары, Малайзия, Мысыр, Оман, Сейшел аралдары, Сербия, Бразилия, Аргентина, Филиппин, Эквадор және Никарагуа бар.

Доминикан Республикасында визасыз болу мерзімі 60 күнді құрайды.

Оңтүстік Кореяға да 30 күнге дейін визасыз кіруге болады. Алайда сапар алдында міндетті түрде K-ETA электронды рұқсатын алу қажет.

Ал Черногория Қазақстан азаматтары үшін 2026 жылғы 1 мамыр мен 1 қазан аралығындағы туристік маусым кезеңінде 30 күндік визасыз режим енгізген.

Сондай-ақ Барбадоста 28 күнге дейін визасыз жүруге болады. Қытайдың арнайы әкімшілік аймақтары саналатын Гонконг пен Макаода, сондай-ақ Иранда визасыз болу мерзімі 14 күнді құрайды.

Бұдан бөлек, кейбір мемлекеттер қазақстандықтарға визаны елге келген кезде рәсімдеуге мүмкіндік береді. Мұндай елдердің қатарына Индонезия, Маврикий және Замбия кіреді.

Сыртқы істер министрлігі шетелге шығуды жоспарлаған азаматтарға сапар алдында визалық талаптарды мұқият тексеруге кеңес береді. Әсіресе визалық режимі бар елдерге бару кезінде құжаттарды кемінде бір-екі ай бұрын тапсырып, виза мақұлданбай тұрып әуе билеттерін сатып алмау ұсынылады. Сондай-ақ транзиттік елдердің талаптарын алдын ала нақтылап алған жөн.

Ұқсас материалдар