Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Үкімет отырысында eGov Mobile қосымшасында әрбір отбасының толыққанды цифрлық профилі жасалатынын мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, жаңа жүйе азаматтардың нақты табысын, шығыстарын және несие бойынша қарыздарын қамтып, әлеуметтік жағдайды бағалаудың жаңа деңгейін қамтамасыз етеді.
Бұл үшін министрлік негізгі мемлекеттік дерекқорларды біріктіріп, банктермен, Қаржы министрлігімен және кредиттік бюролармен интеграция жүргізуді жоспарлап отыр.
Ертаевтың сөзінше, мұндай терең мониторингтің басты мақсаты – отбасылардың қаржылық қиындықтарын дер кезінде анықтап, мемлекет тарапынан жедел әрі атаулы әлеуметтік көмек көрсету.
«Цифрлық карта отбасы» жобасы алғаш рет 2022 жылдың қыркүйегінде іске қосылған болатын. Бұған дейін жүйе негізінен әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақыларға қатысты деректерді жинақтап келген. Енді оның функционалы кеңейіп, азаматтардың қаржылық жағдайын толық қамтитын болады.





