Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстанның 36 кәсіпорны Еуропаға органикалық өнім экспорттай бастады

Қазақстанның 36 кәсіпорны Еуропаға органикалық өнім экспорттай бастады

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қазақстандағы Италияның Төтенше және өкілетті елшісі Антонелло Де Риумен кездесті.

 Кездесу барысында агроөнеркәсіптік кешен саласындағы сауда-экономикалық 
және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. 

Министр Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы саласы Қазақстан мен Италия арасындағы әріптестіктің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

– Ауыл шаруашылығы өнімдері саудасының тұрақты өсімі елдеріміз экономикасының жоғары әлеуетін көрсетеді. Біз экспорт көлемін ұлғайтуға, инвестиция тартуға және АӨК саласында технология алмасуға мүдделіміз. Қазір органикалық ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Арнайы заң қабылданды, бүгінде 36 қазақстандық кәсіпорын Еуропаға органикалық өнім экспорттап отыр. Бұл бағытта ынтымақтастыққа ашықпыз, – деді министр.

2025 жылғы қаңтар-сәуір аралығында Қазақстан мен Италия арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара сауда көлемі 105,9 млн АҚШ долларына жетіп, 59%-ға өсті.

Қазақстандық экспорттың негізгі бағыттары айтарлықтай артты: бидай – 47%-ға, бұршақ дақылдары – 103 есе, күнжара – 100%.

Кездесу барысында Еуропалық Одақ стандарттарына сәйкестік мәселесіне ерекше назар аударылды.

Айдарбек Сапаров бүгінде 20 қазақстандық кәсіпорынның ЕО елдеріне, соның ішінде Италияға, балық өнімдерін экспорттауға рұқсат алғанын айтты.

Сонымен қатар, 2025 жылғы наурызда Қазақстан Еуропалық Одаққа бал экспорттауға ресми рұқсат алды.

Қазіргі таңда аквамәдениет пен жылқы етін экспорттау бойынша ЕО-мен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Антонелло Де Риу Италия бизнесі Қазақстанмен ынтымақтастыққа үлкен қызығушылық танытып отырғанын айтып, екі ел арасындағы инвестициялық серіктестікті дамытуға дайын екенін білдірді.

– Италия Үкіметі Қазақстанмен қарым-қатынасқа ерекше мән береді. Саяси диалогпен қатар, экономикалық байланыс та нығайып келеді. Бұл тұрғыда агроөнеркәсіптік сала басты бағыттардың бірі саналады, – деді елші.

Кездесуде бірнеше перспективалы жоба таныстырылды.

Атап айтқанда, италиялық Tramite Group компаниясының қызанақ өңдеу зауыты, жоңышқа түйіршіктеу кәсіпорны, жеміс өнімдерін кептіру және мұздату бойынша 20 мың тоннаға арналған комбинат, сондай-ақ қуаттылығы 10 мың тонна болатын тоңазытқыш кешен салу жобалары қарастырылды.

Ұқсас материалдар