Редакция: +7 (777) 242 5522
Бізге жазылыңыз:

Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігі миграциялық саясатқа қатысты маңызды мәлімдеме жасады

Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігі миграциялық саясатқа қатысты маңызды мәлімдеме жасады

Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігі Америка Құрама Штаттары шекара қауіпсіздігін нығайту және заңсыз миграцияны азайту мақсатында миграциялық саясатын барынша қатаңдатқанына назар аударуды сұрап, мәлімдеме жасады

"Шекара қауіпсіздігін нығайтуға және заңсыз миграцияны азайтуға бағытталған шаралар елге заңсыз келген шетелдіктерге (визасыз келген және тұрақты тұруға рұқсаты жоқ азаматтар) және АҚШ-та заңсыз жүрген мигранттарға қатысты болып отыр. Қамауға алу және елден шығару сынды мәжбүрлеу шараларымен қатар, АҚШ-қа қайта кіруге шектеулер енгізіліп, сондай-ақ әлеуметтік көмек, жұмыс істеуге рұқсат беретін құжаттар мен басқа да әлеуметтік жеңілдіктерді жою қарастырылуда. АҚШ билігі заңсыз негізде жүрген шетелдіктерге (құжаты жоқ, жарамсыз виза мен тұрақты тұруға рұқсаты (Грин Карта) және басқа құжаттар болмауы) елден өз еркімен кетуге мүмкіндік беріп отыр", делінген мәлімдемеде.

Елшіліктің хабарлауынша бұл шара Қазақстан азаматтарының депортацияға ұшырау қаупін азайтуға және оның салдарынан болашақта АҚШ визасына өтініш бергенде ел аумағына кіруге тыйым салынуынан сақтануға көмектеседі.

Сондай-ақ, тағы бірқатар өзгерістерді атап өткен.

  1. «Мексикада қалыңыз» саясаты қайта енгізілді, яғни мигранттар және саяси баспана сұрайтындар миграциялық сотқа шақырғанға дейін Мексикада қалуға міндеттеледі;
  2. «Ұста да жібер» (catch and release) шарасы тоқтатылды. Бұл АҚШ шекарасынан заңсыз өткен мигранттар ісі қаралмайынша қамауда болатындығын білдіреді. Оларды арнайы орталықтарға қамап, немесе бірден келген елдеріне қайтаратын болады.Сонымен қатар азаматтар үшінші елдерге де жіберілуі мүмкін (мысалы, «Мексикада болу» бағдарламасы бойынша);
  3. Шартты түрде уақытынан ерте босататын немесе АҚШ-қа кіруге алдын-ала жеңілдіктер қарастырылған «CBP One» мобильдік қосымшасы жұмысын тоқтатты.

Осыған орай Елшілік АҚШ көші-қон заңнамасындағы өзгерістер туралы ресми ақпаратты келесі ресурстардан бақылап отыруды ұсынады: 

- АҚШ азаматтығы және иммиграция қызметі (USCIS);

- АҚШ Мемлекеттік департаменті - Консулдық мәселелер бюросы

Төтенше жағдайлар немесе консулдық-құқықтық көмек қажеттілігі туындаған жағдайда, төмендегі байланыс нөмірлеріне хабарласуды сұрайды:

  • Қазақстан Республикасының Елшілігі: +1 202 232 5488 ішкі 127, 109, 121;
  • ҚР Нью-Йорк қаласындағы Бас консулдығы: +1 332 207 9632;
  • ҚР Сан-Франциско қаласындағы Бас консулдығы: +1 650 741-8894.





Ұқсас материалдар